Жамбыл атындағы қазақ Мемлекеттік академиялық филармониясында белгілі КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Б.Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, елімізде хор өнерінің дамуы жолында өзінің зор үлесін қосқан КСРО халық әртісі Анатолий Молодовтың 95 жылдығына арналған концерт-фестиваль өтті. Кеште Мемлекеттік хор капелласымен бірге Астана қаласынан келген Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының камералық хоры, Құрманғазы атындағы ҚҰК аралас хоры, қаламыздың №79 мектеп гимназиясынан келген “Бәйтерек” балалар хоры өнер көрсетті.
Бақытжан Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласы 1935 жылы Дмитрий Мацуцинның басқаруымен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы қабырғасында шағын хор болып құрылды. Ұжымның халық өнеріне аянбай қызмет етуінің арқасында 1939 жылы Қазақ КСР үкіметінің қаулысымен Мемлекеттік хор капелласы дәрежесі берілді. Сондықтан, хор капелласының Мемлекеттік дәрежені алғанына биыл 85 жыл толып отыр. Ал, 1935 жылдан бастау алған ұжым бүгін 89-шы концерттік маусымын ашады. Жалпы, 2025 жылы Бақытжан Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласының құрылғанына 90 жыл болады. Алғашқы кезеңде хор ұжымына Борис Лебедев, Латиф Хамиди, Борис Орлов, Бақытжан Байқадамов, Галина Виноградовалар жетекшілік етті. 1959 жылдан 1991 жылға дейін хор капелласын КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Анатолий Васильевич Молодов басқарды. Осы жылдар арасында капелланың елімізде хор жанрының даму жолында атқарған қызметі ескеріліп, 1967 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген ұжымы» атағын иеленді. 1997 жылы капеллаға құрметпен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ұжымның қажырлы еңбек жолында қызмет еткен Бақытжан Байқадамовтың есімі берілді.
Биыл Б.Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, елімізде хор өнерінің дамуы жолында өзінің зор үлесін қосқан КСРО халық әртісі Анатолий Молодовтың 95 жылдығына арналып, Жамбыл атындағы филармониясының үлкен залында концерт-фестиваль өтті. Кеште Мемлекеттік хор капелласымен бірге Астана қаласынан келген Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының камералық хоры, Құрманғазы атындағы ҚҰК аралас хоры, қаламыздың №79 мектеп гимназиясынан келген “Бәйтерек” балалар хоры өнер көрсетті.
“Бәйтерек” балалар хорының көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Елена Байысбаева:
- « Мұндай фестивальдің ұйымдастырылуы, жоғары дәрежеде өткізілгені мені қатты қуантты. Концертке біз репертуарымыздағы Анатолий Молодовтың орыс халық әндерінің хорға өңдеген өлеңдерінен попурри орындадық. Кеште кәсіби дирижерлар, музыканттар көрермендер қатарынан табылып, концерттен соң ерекше әсерлерімен бөлісті. Жалпы, осындай еліміздің хор өнерінде еңбек еткен өнер иесіне арнап фестиваль ұйымдастырғаны үшін Жамбыл атындағы филармониясына алғыс білдіремін ».
Кеш барысында Анатолий Молодовтың шәкірттері болған, бүгінде аталған хор ұжымдарының көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері — Ян Рудковский, Гульмира Құттыбадамова, Бейімбет Демеуов ұстаздарының хор өнері жолындағы еңбегі туралы естелік әңгімелерімен бөлісті.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері- Гүлмира Құттыбадамова:
-«Анатолий Васильевич қазақ хор өнерін жаңа сапалық кезеңге шығарған алғашқы хор дирижері болды десем артық айтқаным емес. Ал, оның шәкірт тәрбиелеу техникасы әрқайсымыздың жадымызда. Вокалдық және хор мәдениетін меңгеру бойынша сольфеджио сабақтары капеллада күнделікті өтетін. Соның арқасында капелла үлкен ұжым болып қалыптасты. Қазақстан композиторларының хор өнеріндегі нағыз шығармашылық зертханасы болып қалыптасқан хор капелласы — кантаталардың, ораториялардың, хор сюиталары мен миниатюраларының тұңғыш орындаушысы, республикада ғана емес, бүкіл Кеңес Одағында мойындалған ұжым. Қазақ өнерінің тарихи кезеңіндегі Молодовтың есімі аталған барлық оқиғалар, атқарылған еңбектер Қазақстанның хор өнерінің даму сатысындағы сәтті көрінісі етіп бейнеленеді. Оның жетекшілігімен Мемлекеттік хор капелласы Республиканың еңбек сіңірген ансамблі атағын алды».
Концерт бағдарламасында А.Молодовтың хорға өңдеген «Қос алқа», «Қарлығаш» , «Шолпан», «Арыс жағасында» атты үздік шығармалары орындалды. Кеш соңында фестивальде өнер көрсеткен ұжымдарға Жамбыл атындағы филармониясының әкімшілігі атынан ризашылық білдіріліп, арнайы алғыс хат табыс етті. 95 жылмен құттықтап келген тыңдарман хор ұжымына өз ризашылықтарын білдіріп, ыстық қошеметке бөледі.