Жамбыл атындағы филармонияның Үлкен залында Т.Әбдірашев атындағы ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Ахмедьяровтың дирижерлік етуімен «Людвиг ван Бетховен» атты концерті өтті. Көркемдік жетекшісі және бас дирижері Қанат Омаров. Кеш Қазақстанның халық әртісі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің кавалері, профессор Гүлжамиля Қадырбекованың 70 жылдығына арнап ұйымдастырылды. Концертте оркестрдің сүйемелдеуімен Б.Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласы Л.В.Бетховеннің «Фортепиано, хор және оркестрге арналған фантазия», И. Брамстың «Махаббат әуендері» екі фортепиано және хорға арналған ор. 52 шығармасын орындады. Көркемдік жетекшісі және бас дирижері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің кавалері — Бейімбет Демеуов.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Ахмедьяров:
- «Бүгінгі кеште орындаған шығарма жайлы айтсам, Фантазия Людвиг ван Бетховеннің әйгілі «9 Симфониясы» бар, Ода к радости деген. Дәл сол секілді бұл шығарма музыканттар арасында малый ода к радости деп аталып кетті. Шығарманың маңыздылығы – ішінде опера жанры мен аспаптық оркестрге арналған қосылып орындалады. Ал, бүгінгі сахнада шығарма кеңейтіліп, аспаптық оркестрмен хор бірігіп, әдемі үйлесімде өнер көрсетті. Сонымен қатар, фотепианода қосылды. Шығарманың өзі де стилистика жағынан күрделі, кәсібилікті талап етеді. Бүгінгі концертте өнерпаздар өз шеберлігін барынша көрсетті, көрермендерге де ұнады деген ойдамын».
Классика музыка тарихында ерекше орын алатын ұлы композитор Людвиг ван Бетховеннің туындылары музыка әлемінде күні бүгінге дейін өз маңыздылығын жоғалтқан емес. Концерт басында тыңдармандарға К.Куфнердің Бетховеннің фантазиясына арналған поэтикалық мәтіні таратылып кешке ерекше әсер берді. Концертте Қазақстанның халық әртісі, «Құрмет»және «Парасат» ордендерінің кавалері, профессор Гүлжамиля Қадырбекова, «Құрмет» орденінің кавалері Еркебұлан Сапарбаев, халықаралық байқаулардың лауреаттары Майа Сепп, Ермек Құрманаев өнер көрсетті.
Қазақстанның халық әртісі Гүлжамиля Қадырбекова:
-«Концерттік бағдарлама классикалық репертуардың біршама күрделі туындыларынан құралғанына және кәсіби мамандарға арналғанына қарамастан, залдағы көрермендер Бетховен мен Брамстың шығармаларын зор сүйіспеншілікпен қабылдады. Симфониялық оркестр, хор және жеке солист арасындағы біріккен орындау, үлкен дайындықты қамтитын өте күрделі процесс. Бұл жерде үлкен рөл сөзсіз дирижерге тиесілі екенін баса айтып, кеште екі ірі ұжымның кәсібилігін қоса айтқым келеді. Кеш өте жақсы деңгейде өтті».
90жылға жуық тарихы бар филармония өнерпаздарының бүгінгі сахнасы — классика музыкасында асқан ерекше үйлесімде орындалған маңызды концерттердің бірі болып табылады. Ұлы неміс композиторының шығармаларынан кешке келген көпшілік ерекше әсер алып, өнерпаздарды ыстық ықыласына бөледі.