Алматы қаласы – Нархоз университетінде «Жас қыран: азаматтық сананы қалыптастыру – қоғамды топтастырудың құралы» атты жаңа білім беру жобасының ресми ашылу салтанаты өтті.
Шараның басты мақсаты — жастардың азаматтық жауапкершілігін ояту, оларды қоғамдық өмірге белсенді араласуға баулу және мемлекетшілдік сананы нығайту.
Жиынның ашылуында Алматы қаласы мәслихатының депутаты, «Ақпараттық-ресурстық орталық» ҚҚ директоры Алтынай Кобеева құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде жас буынның ел болашағындағы рөлі мен азаматтық белсенділіктің маңыздылығына тоқталды.
Салтанатты шара аясында «Ақпараттық-ресурстық орталық» пен Нархоз университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат тараптардың жастар саясаты мен әлеуметтік бастамаларды бірлесе жүзеге асыруға дайын екендігін айқындайды.
«Жас қыран» мектебі ағымдағы жылдың 17 ақпаны мен 28 сәуірі аралығында жұмыс істейді. Жоба аясында:
- Танымал қоғам қайраткерлерімен кездесулер;
- Мемлекеттік орган өкілдерінен кеңестер;
- Сарапшылар жүргізетін арнайы тренингтер мен лекциялар жоспарланған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл мектеп жастардың тек білімін арттырып қана қоймай, олардың өзара байланыс орнатып, ортақ құндылықтар айналасында топтасуына мүмкіндік беретін бірегей алаңға айналмақ. Іс-шара Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қаржылай қолдауымен өтуде.





